You are here

Медиация – бітімгершілік пен татуластықтың жолы

12.01.2017, 15:12   287

Версия для печатиPDF versionEPUB version

2017 жылдың 11 қаңтар күні сағат 15.00-де, Достық үйінің мәжіліс залында ардагерлер кеңесі мүшелрінің қатысуымен «Медиация – бітімгершілік пен татуластықтың жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Кездесуге облыстық соттың судья-медиаторы, кәсіби медиаторлар, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы мен қызметкерлері, ардагерлер, этномәдени бірлестіктер төрағалары, БАҚ өкілдері қатысты.

Медиация - тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі. Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ  заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады. 

Қазақстанда «Медиация туралы» Заң  2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң Қазақстан Республикасында  медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс.

Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді.  Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиаторлар екіге бөлінеді: олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар, ал, екіншісі – кәсіби емес медиаторлар. Заңда атап көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес те негізде жүзеге асыра алады. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасы Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар.

Кездесу барысында облыстық соттың өкілі медиация бойынша атқарылып жатырған жұмыстар туралы баяндады.

 Сонымен қатар, өлкеміздегі қызмет атқарып жатқан кәсіби медиаторлар да осы бағыт бойынша өз ой пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара соңында ардагерлер тарапынан өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша өз ойларын ардагерлер, құрметті ақсақалдар ортаға салып, қажетті жауаптар алды.

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 02 96

          + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15