You are here

МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР «САБАНТОЙ» МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

23.05.2017, 17:54   284

Версия для печатиPDF versionEPUB version

21 мамыр облыстық «Булгар» татар этномәдени бірлестігі татар мен башқұрт халқының төл мерекесі «Сабантой» мерекесін ұйымдастырды. Сабантой – егін жинау науқанынан кейін тойланатын мереке. «Бірақ, бұл Сабантой – бәрімізге ортақ достық пен бірлік  мерекесі», -  дейді «Булгар» татар ЭМБ төрағасы Фандаль Сахибгареев.

Ақтау қаласы «Ақбота» саябағында өткен мейрамға тұрғындар ағылып келді. Олар мерекелік концерт пен түркі халықтарының ұлттық ойындарын тамашалады. Тігілген ақ қанатты ақ үйге бас сұғып,татарлардың тәттісі чак-чактан ауыз тиді.

Аталған іс-шараға Татарстан Республикасынан арнайы қонақтар да шақырылды. Олар Татарстан Республикасының халық әртістері –  Ильсаф Сафин және Ләйсан Басырова. Қос әнші Маңғыстаулықтарға көңілді әндерін тарту етіп, құттықтау сөздерін жеткізді.

«Мен Қазақстанға келіп, бұл мерекеге қатысқаныма өте қуаныштымын. Ақтау қаласына алғаш рет келіп тұрмын. Өте ұнады. Бәрі жақсы қарсы алды. Тату-тәтті халық екен. Сабантой керемет ұйымдастырылған. Татарлар мен башқұрттардың мерекесі болса да, қуанышымызбен бөлісіп, тойлауға әр түрлі ұлттар келіпті. Мен ерекше әсерге бөленіп отырмын. Барша қазақстандықтарды Сабантой мерекесімен құттықтаймын. Достығыңыз бен бірлігіңіз нығая берсін! Гүлдене беріңіздер!» - дейді Ильсаф Сафин.

Іс-шара аясында спорттық ойындар ұйымдастырылды. Солардың бірі – күрес. Оған жеңдерін түріп, мықтымын деген 20-ға жуық білекті бақ сынасты. Мерекелік концерт соңында 2-ші, 3-ші  орын иегерлері анықталып, оларға медальдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Бәрінен басым түскен жеңімпаз кубокқа ие болып қана қоймай, сабантойдың дәстүрі бойынша бір қойды арқалап кетті.

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15